Бүгін Астана қаласында Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанмен кездесті.
Екіжақты кездесуге тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері – Айсәуле Аманбаева, Гүлфар Мамырбек, Жанар Жұмабаева, Гүлжиһан Көбденова, сонымен қатар Түркі академиясының сарапшы, ғалымдары Тимур Козырев, Айнұр Маемерова, Дінмұхаммед Әметбек қатысты.
Тараптар өзара ынтымақтастықты нығайта түсу, бірлескен жобалар жасап жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылап, жалпы түбі бір түркі халықтарының тіл білімі саласындағы мәселелер бойынша пікірлесті. Сондай-ақ, түркология, лингивистика және латын әліпбиіне ауысудағы бауырлас елдерге ортақ тәжірибелер жөніндегі ойларын ортаға салды.
Өз кезегінде институт директоры Анар Фазылжан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Академия басшысы институт ғалымдарының зерттеу жұмыстарына табыс тілеп, тиісті бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында академия президенті Ш. Мустафаев институт кітапханасына тіл білімі саласы бойынша әзірлеген бірқатар еңбектерді тарту етті. Өз кезегінде А. Фазылжан Академия басшысына қонақжай қабылдауы үшін ризашылығын білдіріп, институт басып шығарған кітаптарды сыйлады.