2023 жылдың 30 наурыз күні Алматы қаласында Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесті.
Тараптар екі ұйым арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында ғылыми ұйымдардың басшылары түркология саласындағы ынтымақтастық негізінде әріптестік туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандум екі тарапқа бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға, тәжірибе алмасуға, бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізуге, сонымен қатар маңызды ақпараттар және жарияланымдармен алмасуға мүмкіндік береді.
Кездесу аясында Академия басшысы университеттің білім беру және ғылыми бөлімдерінің, оның ішінде ҚазҰУ жанындағы Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты.
Ректор Ж. Түймебаев Университет жанындағы Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының жұмысы туралы ақпарат беріп, оның түркі тілдерін зерттеуге, жазбаша ескерткіштердің түпнұсқа мәтіндерін зерделеуге, сондай-ақ түркі тілдері тарихындағы сабақтастықты көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Өз кезегінде Ш.Мустафаев қонақжай қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, Түркі академиясы мен Университеттің бірлескен жобалары келешекте түркология мен алтаистика саласындағы жаңа жетістіктерге жаңа жетістіктерге септігін тигізетіндігін айтты.