Қазақстан мен Әзербайжан президенттері келіссөздер жүргізді

2023-04-11 11:53:01 41

2023 жылдың  10 cәуір күні Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келіп,  ел президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл туралы Қазақстан Президенті баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақорда» резиденциясында өткен кездесуде екі ел президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Бұдан кейін мемлекет басшылары ресми делегацияларының қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың негізгі мәселелерін жан-жақты талқылады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды.

Қол қойылған құжаттар қатарында  Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Ғылыми ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен Баку халықаралық мультимәдениеттілік орталығы арасындағы Ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы меморандумы бар.

Тараптар өткізілген келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Бұдан кейін Қазақстан және Әзербайжан президенттері Астананың орталығында Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты түрде ашты.

Салтанатты рәсімнен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызды.