Түркі академиясы Түркия Ғылым академиясының (TÜBA) және «Манас» қырғыз-түрік университетінің қолдауымен 2023 жылдың 18-26 маусымы аралығында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында «Жас түркологтар» жазғы мектебін ұйымдастырады.
Жас түркітанушылардың жазғы мектебі түркі дүниесінің тарихына, археологиясына, тілі және әдебиеті пәндеріне арналып отыр. Түркология саласындағы жас зерттеушілерді бір ортаға жинайтын жазғы мектеп олардың бір-бірімен жақынырақ танысуына, өздерінің жобалары мен зерттеу жұмыстарымен бөлісуге, тәжірибе алмасып, өзара кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы және түркі әлемінің интеграциясы бағытында еңбектеніп жүрген жас ғалымдар да аталған жазғы мектеп оқуларына қатыса алады.
Мақсаттары: Жас түркологтардың жазғы мектебі екі негізгі мақсатты көздейді. Біріншісі, түркі мемлекеттерінің жас ғалымдарын бір ортаға жинап, олардың түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тіл білімі мен әдебиеті бойынша теориялық және практикалық білімін тереңдету. Екіншісі, қатысушылардың ғылыми публикация, презентациялар өткізу және зерттеуге бөлінген қаражатты қолдану сияқты өзара байланысты бағыттарда біліктілігін арттыруға ықпал ету. Бұл ретте қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, жазғы мектептің тақырыптары бойынша өз баяндамаларын әзірлеуге және байламдарын тәжірибелі ғалымдармен бірге талқылауға мүмкіндік алады.
Қамтитын пәндері: Аталған жазғы мектепте оқулар төменде көрсетілген пәндер бойынша жүргізіледі:
«Түркі әлемі» концептісі
Түркі мемлекеттерінің тарихы
Түркі әлемінің археологиясы
Түркі әлемінің өнер және ақыл-ой тарихы
Түрік тілдері және қазіргі түрік тілдерінің жалпы сипаттамасы
Түркі дүниесінің мифологиясы
Түркі дүниесінің жыр-дастандары мен аңыздары
Жазғы мектептің құрамы: Жазғы мектеп 2023 жылдың 18-26 маусымы аралығындағы алты күнге жоспарланады. Барлық оқулар түрік тілінде өтеді. Бағдарлама түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тіл білімі мен әдебиеті бойынша күн сайынғы дәрістер мен тәжірибелік семинарларды, жұмыс тобына қатысушылардың дискуссиялық сессияларын, сондай-ақ мәдени іс-шараларды қамтиды.
Өтетін орны: Жас түркологтардың жазғы мектебі «Манас» қырғыз-түрік университетінің кампусында өтеді (Шыңғыс Айтматов кампусы (Cal), 720038, Бішкек, Қырғызстан, www.manas.edu.kg).
Оқу үрдісі: Дәрістерді өз саласында білікті маман ретінде кең танылған ғалымдар өткізеді. Толықтырылған бағдарлама өтінімдерді саралау жұмысы аяқталған соң қабылданған қатысушылардың жеке өзіне жіберілетін болады.
Қатысушылар: Жазғы мектепке Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Қазақстан, Қырғызстан, Солтүстік Македония, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Солтүстік Кипр ТР, Башқұртстан (РФ) және Татарстан (РФ) елдерінен жасы 35-тен аспаған кемінде магистр дәрежесі бар жас зерттеушілер қатыстырылады. Жазғы мектепке түркология, түркі тарихы, түркі әдебиеті, антропология, мәдениеттану және археология саласында жұмыс істейтін, зерттеулермен айналысатын жас мамандар өтінім бере алады.