Бүгін Түркі Академиясының құрылған күні

2023-05-25 15:42:34 28

Бүгін түбі бір туыс халықтардың ғылым және білім беру салаларындағы интеграциясының алтын арқауына айналған Түркі Академиясының құрылғанына 13 жыл толды.

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде түркі дүниесіннің ғылыми интеграциясын үйлестіретін халықаралық ұйым құру туралы ұсыныс қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Осылайша тарихи Нахчыван келісімі негізінде 2010 жылдың 25 мамырында Астана қаласында Түркі Академиясы ресми түрде өз жұмысын бастады. Сондықтан осы күн Академияның құрылған күні саналады.

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі елдері Мемлекет басшыларының ІІ саммитінде Түркі Академиясына халықаралық ұйым мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды. Аталған құжат мүше мемлекеттер парламентерінде ратификацияланған соң 2014 жылдың 28 тамызынан бастап Академия толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмысын жалғастыра бастады.

Бүгінде бауырлас түркі елдерінің ғылым және білім беру салаларын үйлестіретін институционалды интеграциялық құрылымға айналған Түркі Академиясы БҰҰ, ЮНЕСКО, IRCICA, ISESCO қатарлы іргелі халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар орнатып, көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

Академия жанындағы Түркология кітапханасында 70 мыңға жуық кітап қоры бар. Сонымен қатар, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартатын тамырлас тарихын паш ететін көптеген экспонаттар Түркі тарихы музейінде топтастырылған.