Күлтегін ескерткіші
2018-10-08 13:02:03
539
Көне түрк тілінде Kültegin, қытай деректерінде «Кюе-деле//Кюе-целе». 685 ж. Орхон өзенi бойындағы Өтүкенде туған. Әкесі – Құтлық (Елтерiс) қаған, Шешесi – Елбiлге қатұн. Әйгілі Бiлге қағанның туған iнiсi. Ашина (бөрі) әулетінен тарайды.
Күлтегiн – атақты «Модун, Шыңғыс, Бату» қағандар секілді көшпелiлер тарихындағы ең көрнекті қолбасшы. Ол – күллi көшпелi этностарды көк байрақтың астына бiрiктiріп, ұлы көшпелілер империясының сабақтастығын, дәстүрлі мемлекеттілігін жалғастыра бiлген тарихи тұлға. Күлтегiннің жеті жасында әкесi Құтлық (680-692 ж. билік құрған) қайтыс болады. Қаған тағына оның iнiсi Қапаған (692-716 ж.) отырады. Кейіннен Күлтегiн мен Бiлге, Қапағанның iнiсi Бөгүнi (716 ж.) тақтан тайдырып, қағандық билiк Бiлгенің қолына (716-734 ж.) тиеді. Күлтегiн ұлы империя үшiн көптеген ру-тайпалар мен ұлыстарды бағындыруда ерекше ерлiгiмен көзге түседі. Ол 16 жасынан бастап оғыз, қытан, татабы, табғач (қытай), қырғыз, түргеш, соғды және т.б. елдерге жорық жасап оларды бағындырады.
Күлтегінге арналған ғұрыптық кешен 732 жылы салынған. Ол Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан 400 км оңтүстiк-батысқа қарай, ежелгi Қарақорым қаласынан 45 км солтүстiкте, Орхон өзенiнiң сол жағалауындағы кең далада орналасқан. Бұл моңғолша «Цайдам нуур» («Хөшөө цайдам») яғни «Сортанды көлi»-нiң батыс-оңтүстiгi. Кешен құрамында төртбұрышты қамал құрылысы (67x31 м), төрт бағаналы кесене-13х13 м оның iшкi жағында 5х5,85 м текше күмбез, бітіктас – (3,35х1,30-1,32х0,46 м), тасбақа тұғыр (2,26x1,33x0,57 м), Күлтегiннiң мәрмәр тасмүсiнi және зайыбының мәрмәр тасмүсiнi, тас мүсiн бәдіздер - 10 дана, текше тас (14 тонн) - 1 дана (2,2 x 2,7 x 1,07 м, D=0,7 м шұңқырлы) барық қапталды тас – 4 дана, арыстан тас – 2 дана, қой тас-2 дана (В.Радловтың пiкiрiнше: қара киiк тас), балбал тастар – 256- дан астам, олар күншығысқа қарай 2300 метрге дейін тізбектеле қадалған. Қытай деректерінде қамал құрылысының iшкi қабырғаларында Күлтегiннiң ерлікке толы өмiрiн баяндаған суреттер салынғаны туралы айтылады. Осы қамал құрылысының сыртқы жиегi бойымен 100х55 м су шұңқұрлары қазылған. Көгілдір мәрмәр тастан бітіктас жасалынған. Оның төбесі доғалау келген, үш қос айдаһар алысқан бейнелі. Бірінші қапталының жоғарғы үшбұрышты шаршысында «қаған» таңбасы – таутеке бейнесi қашалған. Осыдан төмен бірінші қапталы мен 6 қыры да жазуға толы. Онда - 68 жол мәтін бар. Екінші қапталында қытайша көңiл айту жазылған. Осы қапталында тағы да 2 жол түрік бітік қашалған. Бітіктастың мәтінінің түрік бітік таңба-әріптері 2 х1,5-2 см өлшеммен 0,4-0,5 см тереңдікте өте әсем, нақышты бiркелкi бәдiзделген. Бітіктастың тұғыры тасбақаның сол жақ бүйiрiнде 4 жол түрiк жазуы болған, ол толық күйінде сақталынбаған. 1956 ж. бітіктасқа жай түсiп үстiңгi жағының бiраз бөлігі кетiлген. Бітіктас биiктiгi – 3,33 м, енi-1,32 м, қалыңдығы- 0,46 м мәрмәр тастан жасалынған. Бітіктас, текше тас, кесене тұғырлары орнында, ал басқа құрамдас бөліктері сол жердегі қоймада сақтаулы. Күлтегіннің мәрмәр бас мүсіні Моңғолия Археология институтында, ханшасының бет тұсының бөлігі Ұлттық Тарих музейінде сақтаулы. Оң тізесін бүгіп қолында ыдыс ұстап отырған бір бәдіз Санкт-Петербор Эрмитажында сақтаулы.