Әл Фараби

2018-10-08 18:47:16 10
Әбу Насыр Әл-Фараби (араб.: أبو نصر محمد الفارابي ‎) Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки (870 - 950 ж. ш.) - әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Абайдың Фараби еңбектерімен таныстығы жөнінде нақтылы мәліметтер жоқ. Дегенмен Сағдидық: «... философияға, даналыққа зор мән берген Абай әл-Фараби, ибн Синалармен таныс болуымен бірге осы ғақпиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді» (Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейі. Инв. №172, 17-6.), - деп айтылған пікірі Абайдың Фараби еңбектерімен таныс болғандығын анықтай түседі. Абай өз шығармаларында нәр татқан рухани бұлақтар төркінін жасырмайды, ол қайта: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,» - деп ескертуінде мәні терең сыр жатыр. Фараби мен Абай шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркінін қарастырғанда, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудару қажет.