Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні ұйымның алғашқы мерейлі межесімен құттықтады.
«Құрметті Академия басшысы!
Түркі Академиясының 10 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Дос және бауырлас елдеріміздің бірлескен ынта-жігерімен құрылған бірегей ұйымның ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді зерттеп, әлемге насихаттауда көзделген мақсаттарға жету жолында нық қадамдар жасап келе жатқанына сенімді екенімді атап өткім келеді.
Академия өзіне жүктелген түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін, тілі мен әдебиетін зерттеу жұмыстарынан бөлек, ғылыми және тарихи деректерді нақтылап, жарыққа шығару бойынша да жұмыстарды оңтайлы үйлестіретін орталыққа айналуда.
Академия өткен мерзім ішінде түркі халықтарының ғылыми орталықтарына білім және ғылым салаларында қолдау көрсету мақсатында маңызды жобаларды іске асырып, көптеген жиындар өткізді. Сондай-ақ, түркі тілдес елдердің ғалымдары мен зиялы қауымының басын қосатын маңызды алаң рөлін атқарып келеді.
Академияның басшысы ретінде ынта-жігерлеріңіздің жалғасын табатынына, ұйымның білім және ғылым салаларында қазіргіден де үлкен табыстарға қол жеткізетініне, түркі тілдес елдердің ғылым саласының халықаралық қауымдастықта лайықты орнын алатынына сенімдімін.
Осы ретте, Халықаралық Түркі Академиясын 10 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтай отырып, алдағы жауапты жұмыстарыңызға табыс тілеймін» деп жазылған арнайы хатта.