Көне түркі күнтізбесі
2019-05-12 16:30:56
233
Он екі мүшелдік Түркі күнтізбесі бүгіндері Орта Азия, Сібір, Орал-Еділ және Кавказ түркілерінде кең жайылған. Күнтізбедегі 12 хайуанат атауының ортақтығы және оларға байланысты аңыздардың барлық түркі-моңғол халықтарында бірдей болуы – осының айқын дәлелі.
Махмұд Қашқари мүшел туралы мынадай тарих айтады:
«Түркілер он екі түрлі хайуанның атын таңдап, он екі жылға ат етіп қойды; балалардың жастары, соғыс мезгілдері және тағы басқа нәрселер әрқашан бұл жылдардың қайталанып келуімен есептеледі.
Оның түп негізі былай болды:
Түркі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын болған бір соғыстың болған уақытын анықтауды қалайды; ол осы соғыстың болған жылынан жаңылысады; ақырында бұл іс үшін Қаған ұлысымен кеңес құрады және құрылтайда «Біз бұл мезгілден қалай жаңылсақ, бізден соң келешекте жасайтындар да жаңылысады; олай болса, біз енді аспандағы он екі шоқжұлдызы және он екі санына сәйкес әр жылға бір-бір ат қоялық; сауда-саттығымызды бұл жылдардың өтуімен түсіндірелік; арамызда ұмытылмас бір белгі есебінде қалсын», - деді. Ұлыс қағанның бұл ұсынысын мақұлдады.
Бұдан соң қаған аңға шығады; «Түз хайуандары Іле өзеніне тура әкелінсін» деп әмір береді. Ол үлкен бір өзен еді. Халық бұл хайуандарды қыспаққа алып, суға қарай қуады. Хайуандарды аулайды; бір топ хайуан суға секіреді; он екісі судан өтеді; әр кешіп өткен хайуанның аты бір жылға ат болып тағылады. Бұл хайуандардың біріншісі тышқан еді. Алғашқы кешіп өткен хайуан болғаны үшін жылдың басы бұл атпен есте қалды және «Тышқан жылы» деп аталды; мұнан соң кезегімен кешіп өткен хайуандардың аттары жылдарға берілді: Сиыр жылы, Барыс жылы, Қоян жылы, Ұлу жылы, Жылан жылы, Жылқы жылы, Қой жылы, Мешін жылы, Tауық жылы, Ит жылы, Доңыз жылы.
Кезек доңыз жылына барғанда, айналым қайтадан тышқан жылынан басталатын болады.
Түркілер бұл жылдардың әрбірінде бір өнеге бар деп санап, онымен болжам жасап, сәттілікті есептеген. Сиыр жылы кіргеннен соғыс көбеймек, өйткені сиырлар бір-бірімен соқтығысып, сүзіседі; тауық жылында ішіп-жем мол
болар, бірақ адамдар арасында қарама-қайшылық шығады, өйткені тауықтың жемі – дән, дән таппақ үшін қоқыстары, қиқымдары бір-бірімен араласып кетеді; ұлу жылы кіргенде жаңбыр көп жауар, молшылық болар, себебі ұлу суда жүзеді; доңыз жылы кіргенде, қар мен суық көп болар, өйткені мінезі шатақ шығар. Осылайша түркілер әр жылы бір нәрсе боларына сенген».
14-15-ғасырларда бұл күнтізбенің «Тарих-и-түрки» және «Шал-и Туркан» деген аттармен қолданылғандығы белгілі. Ең ескі ислам дереккөзінің авторы, заманының (10-11 ғғ.) атақты астрономы Бируни «Әл Атхар-үл Бакийе» атты шығармасында он екі хайуанатты күнтізбе туралы атап өтеді. 13-16 ғасырларда түркі-монғол империясы кезеңінде кең ауқымда жайылған мүшел есебі «Он екі хайуанатты түркі күнтізбесі» аталды.