Түркі халықтарының ұлттық ойындары: күрес
2019-05-12 16:48:46
219
Палуан атағы берілген кісілер түркі мәдениетінде маңызды орынға ие. Түркі эпосындағы бас қаһарман әдетте қарсыласының батырымен күресіп, жеңіске жетеді. Жалпы, түркі бозбалалары алты жасынан күресуді және өздерінен мықтыны жеңуді мақсат еткен, намысын шыңдаған. «Манас» эпосындағы Қошайхан бұрын-соңды болған палуандардың ең мықтысы ретінде танылады. «Алпамыс» жырында Алпамыс тоқсан қалмақ палуанын жекпе-жекте жеңіп, атағы шыққан жеңімпаз жігітке айналады. «Ханнамада» Ұлық Арыстан хан палуандардың атасы ретінде еске алынады. «Күрес» сөзінің даңқты түркі қағаны Гүрханның есімімен ұқсас болуы да назар аударады.
Орта Азияда күрес көбіне тойдың сәніне айналды. Палуандарға жүлде беру және бұл дәстүрдің қолдау табуына, сондай-ақ сақталуына билеушілер тарапынан көңіл бөлінді. 1860 жылдары мажар ғалымы Армани Вамбери Түркістан өлкесіне келген уақытта бірқатар күрес жарысына куә болған және сол туралы мынадай жазбалар қалдырған: “Отбасында сәбидің туғанына 40 күн толған соң және сәбиді қырқынан шығарғаннан кейін, мейрам (той) басталады. Тіпті кедейлер де бұл тойға аса зор деңгейде мән беріп, көбірек қонақ күтіп алуға күш жұмсайды. Той барысында түрлі ойындар көрініс тауып, соңында палуандар күреседі».
Бүгінгі күні түркі халықтарының Анадолыдан Сібірге дейін созылған кең-байтақ қонысында күрес көптеген дәстүрлі мейрамдарда (Наурыз, сабантой, т.б.) және атаулы күндерде көрініс табады. Түркияда әр жылы маусым айында ұйымдастырылатын «Қырыққайнар күрес күндері», Татарстанда, Башқұртстанда және Чувашияда көктемде дәстүрлі сабантой мейрамында өткізілетін күрес жарыстары бұған мысал бола алады. Өзбекстанның ұйымдастыруымен әр жылы әлемнің түрлі елдерінде болып отыратын халықаралық «Өзбек күресі» жарыстары, Қазақстан тарапынан өткізілетін халықаралық «Қазақ күресі» сайыстары және Қырғызстанда жүзеге асқан «Көшпелілер ойындары» ата-бабамыздан мұра бұл спорт түрінің қаншалықты дәрежеде абыройлы спорт түрі екендігін көрсетеді.