Қазақстан Президенті Түрікменстан Президентімен кездесті

2021-08-06 16:50:03 0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға жұмыс сапары Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен Түрікменбашы қаласындағы «Аваза» ұлттық туристік аймағындағы кездесуден басталды. Қазақстан Президенті Түрікменстан басшысына қонақжайлығы үшін ризашылық білдіріп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші Консультативтік кездесуін өткізу өзекті әрі уақытылы бастама екенін атап өтті. Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді қарастырып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалады. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, жеткізілетін тауарлар түрін арттыруға, көлік-транзиттік әлеуетті кеңірек пайдалануға және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды күшейтуге ниетті екендерін жеткізді.