Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Түркі академиясына арнайы келді

2021-12-28 16:08:44 47

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті.

Кездесуде тараптар түркі елдері ынтымақтастығы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, алдағы жоспарлар туралы пікірлесті.

Мәртебелі мейман Ағалар Атамоғланов Түркі Академиясы жүзеге асырып жатқан жобаларға ризашылығын білдіріп, ұйымның жұмыстарына табыс тілеп, игі бастамаларға қолдау көрсететінін жеткізді. 

Өз кезегінде Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Әзербайжан елшісіне Академияға арнайы келгеніне алғыс айтып, келе жатқан Жаңа жылымен және 31 желтоқсан – Әлем әзербайжандарының ынтымақтастық күнімен құттықтады.

Д. Қыдырәлі Әзербайжан елшісіне Түркі Академиясы әзірлеп шығарған Низами Гәнжауидің қазақ тіліне аударылған «Жеті ару. Лейлі-Мәжнүн» дастаны мен Әлішер Науаидің әзербайжан тілінде жарық көрген таңдамалы шығармалырын таныстырып, тарту етті.

Сонымен қатар, Д.Қыдырәлі Академия 2022 жылы Хусейн Джавид пен Ахмад Джавад сынды әзербайжан халқының ұлы тұлғаларының мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, Академия биыл Ыстанбұл қаласында өткен Халықаралық Түркі академия Ғылыми кеңесінің IV отырысында Түркі әлеміндегі 2021 жылғы атаулы күндердің тізіміне Түркі халықтары әдебиетінің классиктері Низами Гәнжауидің туғанына 880 жылдығын, Әлішер Науаидың туғанына 580 жылдығын және Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жылдығын атап өту жоспары да енгізіліп,  осы бағытта бірқатар ауқымды шараларды іске асырды.