Алтай мемлекеттік университетінің өкілімен кездесу өтті

2022-04-27 12:53:34 10

Бүгін, 13 сәуірде Халықаралық Түркі академиясында Академия басшылығының Алтай мемлекеттік университеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Юлия Лысенкомен кездесуі өтті. Кездесуге Түркі академиясы тарапынан вице-президент Физули Меджидли мен аға сарапшы Тимур Козырев қатысты.

Кездесу барысында Түркі академиясы мен АлтМУ жанында жұмыс істейтін "Үлкен Алтай" түркология және алтаистика ғылыми зерттеу және білім беру орталығы арасындағы алдағы әріптестік барысы талқыланды. Тараптар өздерінің ғылыми зерттеу жобалары мен негізгі жұмыс бағыттары туралы ақпарат алмасты. Сонымен қатар, Ю. Лысенко Түркі мұражайымен және Академияның кітап қорымен танысты.

Кездесу соңында қонаққа Түркі академиясы шығарған «Алтай республикасының көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы» сыйға тартылды.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының академиялық қоғамдастығымен ғылыми ынтымақтастықты дамыту Халықаралық Түркі Академиясы жұмысының басым бағыттарының бірі саналады.