Академия басшысы Мажарстанның жаңа тағайындалған Елшісімен кездесті

2022-04-27 13:30:38 8

Бүгін Халықаралық Түркі академиясына Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы жаңа тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона арнайы келіп, ұйым басшысы Дархан Қыдырәлімен кездесті.

Мажарстан Елшісі Академия жанындағы Түркі кітапханасы мен музейін аралап көріп, осында сақтаулы тұрған Иштван Қоңыр Мандокидың жеке қорымен танысты.

Одан кейін тараптар екі жақты кездесу барысында білім және ғылым бағытындағы бірқатар жұмыстардың жоспарын талқылады. Мажарстан тарапы Академияның бастамаларына қолдау көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ, Елші Отто Иван Рона жуықта Мажарстанда өткен Парламент сайлауына байланысты Академия жіберген құттықтауға орай Сыртқы істер министрінің ризашылық хатын табыс етті.

Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Елшіні жаңа тағайындалған қызметімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, тараптар ғылыми интеграцияның нығайтудың маңыздылығына тоқталып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру туралы сөз қозғады. Академия басшысы өз сөзінде Халықаралық Түркі академиясы Дьёрдь Алмаши, Дьюла Немет және Иштван Қоңыр Мандоки қатарлы көрнекті түрколог ғалымдарға арналған іс-шаралар ұйымдастырып, іргелі еңбектерін басып шығарғанын атап өтті.

Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі Елшіге ризашылығын білдіріп, Академияның Мажарстан бағытында басып шығарған бірқатар ғылыми еңбектерін тарту етті.