Қазақстан Президентінің Түркия Республикасына мемлекеттік сапары басталды

2022-05-10 21:47:28 16

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен келді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркия астанасы «Есенбоға» халықаралық әуежайында Қазақстан Президентін Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Анкара губернаторы Васип Шахин және басқа да бірқатар ресми тұлғалар күтіп алды.

Мемлекет басшысы Анкарадағы екі күндік сапары барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, түркиялық ірі бизнес өкілдерімен өтетін бизнес форумға қатысуы жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары Түркияның негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. 

Анытқабір кесенесін аралап көрген Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев тамырлас түрік жұртына зор құрметін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың мәңгі болуын, екі ел ынтымақтастығының арта беруін және бауырлас түрік халқына бақ-береке тіледі.

Гүл шоғын қою салтанатты рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.

Бұдан кейін Президент сарайында салтанатты түрде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу шарасы өтті.

Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Түркияның әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен шағын құрамда келіссөзі басталды.